«Алматы» ӘКК» АҚ еншілес ұйымы, «Almaty Finance» ЖШС «RА Paper» ЖШС-на кеңсе қағазын өндіру жөніндегі жобаны Алматыда іске қосу шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға 120 млн теңге бөлді. Кәсіпорын қаланың Түрксіб ауданында орналасқан.
Компания өз қаражатының 111 млн. теңгесін жабдықты сатып алуға жұмсады, өз кезегінде «Almaty Finance» шикізатты сатып алу және операциялық шығыстарды жабу үшін қаржыландыру ұсынды. Қарыз қаражатын ескере отырып жобаға салынған инвестициялардың жалпы сомасы 231 млн. теңгеге жетті.
Несиелік лимит бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-ы, қаржыландыру мерзімі - 3 жылды құрайды. Бастапқы кезеңде компания жылына 100 тоннаға дейін дайын өнім шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, алғашқы үш жылда өндіруші 200 млн теңгеге жуық салық төлейді деп күтілуде.
«Жобаның негізгі міндеті - қазақстандық тұтынушылардың импорттық өнімге тәуелділігін төмендету, екінші мақсат - жергілікті нарыққа жоғары сапалы жеке кеңсе қағазын ұсыну, үшіншіден - жаңа жұмыс орындарын құру», - деп атап өтті «Almaty Finance» Басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Игенов.